Жылдың басты футбол оқиғасының басталуына санаулы күндер қалды. 11 маусым жанкүйерлер тағатсыздана күткен әлем чемпионаты басталады. 2026 жылғы әлемдік біріншілікке 48 құрама қатысады. Миллиондаған адам тағатсыздана күткен турнирде үздік командалар жасыл алаңда бақ сынасады.
Бұл додада тек чемпиондық атақ қана емес, ұлттық намыс та сарапқа салынады. Биыл Өзбекстан мен Иордания құрамалары алғаш рет чемпионатқа қатысады. Қостанайлық жанкүйерлердің фавориттері әртүрлі болғанымен, көпшілігі Португалия мен Өзбекстан құрамаларына сенім артады. Ал футболсүйер қауымның басты тілегі болашақта Қазақстан құрамасын да әлем чемпионатының қатысушылары қатарынан көру.
Әлемнің үздік футболшыларына қарап бой түзеген жеткіншектер болашақта Қазақстан құрамасының жейдесін киіп, әлемдік додада өнер көрсетуді мақсат етеді. Сондықтан алдағы турнирді олар ерекше
ықыласпен күтуде.
Әлем чемпионатының матчтарын қазақстандық көрермендер Қазақстан және Қазспорт телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Сондықтан алдағы бір ай бойы жанкүйерлерді тартысқа толы кездесулер мен ұмытылмас эмоциялар күтіп тұр.