Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған сарбаздар елге оралды. 6 маусым күні Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде қызмет еткен Қостанай өңірінен шақырылған мерзімді әскери қызметшілер туған жерге табан тіреді. Әскерден оралған жастарды жақындары мен туыстары салтанатты түрде қарсы алды.

Бір жыл бойы әскери антқа адал болып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқан сарбаздар әскери қызметтерін аяқтап, елге оралды. Оларды қарсы алу рәсімі ерекше көңіл-күйде өтті. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өткен шараға ата-аналар, туыстар мен достары жиналды. Салтанатты кездесуде әскери қызмет барысында тәртіп пен жауапкершілікті серік еткен жастарға алғыс айтылды. Жиында 6697 әскери бөлім командирінің орынбасары мен Қостанай облысы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары сөз сөйлеп, сарбаздарды әскери қызметтерін сәтті аяқтауларымен құттықтады.