Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіндегі ашықтық пен әділдік. Жаңартылған тетіктер жастарға жаңа мүмкіндік беріп, білікті мамандардың мемлекеттік қызметке келуіне жол ашуда. Сәуір айында жаңартылған қағидалар бойынша 79 конкурс өткізілген. Нәтижесінде 27 адам мемлекеттік қызметке қабылданған. Ал 27-сі әлі аяқталмағандықтан, олардың нәтижесі кейін белгілі болады.
Соңғы бірнеше жылда GPA көрсеткіші жоғары, оқу үлгерімі үздік түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие болды. Олар аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жеңілдетілген тәртіппен тағайындала алады. Ол биыл да жалғасын таппақ. Мәселен, Қостанай ауданында осыған дейін 20 бос орын болған.
GPA көрсеткішінен бөлек, конкурс арқылы тағайындалатын мүмкіндікті де жастар ұтымды пайдалануда. Бұл үміткерлердің білімі мен кәсіби біліктілігін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Іріктеу барысында олардың заңнаманы білу деңгейі, жеке құзыреттері мен кәсіби дағдылары бағаланады. Сонымен қатар әңгімелесу өткізіліп, кандидаттың мемлекеттік қызметке сәйкестігі анықталады.
Конкурстық іріктеудің тиімділігін Балтабай Алматовтың мысалынан да көруге болады. Ол мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы орналасқан. Үміткер ретінде қажетті сынақтардан өткен ол барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылған.
Айта кетейік, 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда. Құжатта мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдірумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар көзделген.