Тығырыққа тіреліп, көмекке зәру болатын отбасылар аз емес. Қостанай қаласында өткен жылдың қазан айынан бері Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл мекеме қиын жағдайға тап болған азаматтардың шынайы панасы, сенімді тірегіне айналды. Мұнда психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер кешенді түрде жедел көмек көрсетеді.

Қостанай қаласының Отбасын қолдау орталығы аз уақыт ішінде жүздеген отбасыға көмек көрсетіп, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаруда.

Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға арналған. Мұнда 6 төсек-орын қарастырылған. 17 маман қызмет атқарып, азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.

Орталыққа қиын жағдайға тап болған кез келген азамат жүгіне алады. Мұнда оларға жатын орыннан бөлек, мемлекеттік көмек, психологиялық және заңгерлік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар алимент өндіріп алу, мүлікке салынған тыйымды алып тастау, банкроттық сияқты мәселелер де шешіледі. Орталық басқа мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді, бұл қиын жағдайда қалған азаматтардың мәселесін жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.