Қостанайда киелі домбыра күніне арналған бір айлық іс-шаралар легінің ашылу салтанаты өтті. Шараға «Мирас» мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары мен би ансамбльдері қатысты. Алғашқы күні халық жүрегінен орын алған күйлер орындалды. 

Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілде айынын алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Ал биыл мерекені ауқымды форматта өткізу туралы шешім қабылданды. Өңірде бір айға созылатын мәдени жобалар жоспарланған. Күйші Данияр Рысбековтың айтуынша, бұл мерекенің маңызы жыл сайын артуда. Ол ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеуге оң ықпал ететінін де атап өтті.

Домбыра күні Қазақстанда 2018 жылдың 13 маусымында Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілді. Содан бері тұрақты түрде аталып келеді. Оның басты мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтап, халықтың мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, домбырашылар бір ай бойы қаланың әртүрлі алаңдарында өнер көрсетеді. Сондай-ақ бағдарламаға байқаулар, шеберлік сағаттар мен танымдық кездесулер енгізілген.

Ғасырлар қойнауынан жеткен қара домбыра үні бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Бір айға созылатын мәдени шаралар легі де осы мақсатқа бағытталған.