Үй жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесіне тіркеу. Осы мақсатта Қостанайда «Жасыл дәліз» науқаны ұйымдастырылып, тұрғындарға үй жануарларын чиптеу мен вакцинациялау қызметтері ұсынылды. 

Сенбінің таңында қостанайлықтар үй жануарларын жетектеп, «Жасыл дәліз» акциясына келді. Келушілердің қарасы көп. Соның бірі Екатерина Чиганова. Рудный қаласынан келген әйелдің 4 бірдей үй жануары бар. Ал екпе салдырып, чиптеуге тек екеуін әкеліпті. 

Арнайы тігілген шатырларда мамандар үй жануарларын чиптеу жұмыстарын жүргізді. Әрбір пункт заманауи компьютерлік техникамен жабдықталып, жануарлар туралы мәліметтер «Таңба» ақпараттық жүйесіне бірден енгізілді. Микрочиптеу ит-мысықтарды есепке алып, жоғалған жағдайда иесін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Ал, бір чиптің құны шамамен 2000 теңгені құрайды. 

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жауапты жануар иелерінің қатарын арттыруға ықпал етеді дейді. Бұл осымен өткен екінші науқан. Алғашқысы 2 ай бұрын ұйымдастырылған. Сол кезде бір күнде 140-тан астам ит-мысыққа екпе салынған. Ал осы жолы таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін 105 үй жануары тексерілді.