Өңірде бүгінгі күні 5 мыңнан астам жеткіншек түрлі үйірмелерге тегін қатысады. Балаларға мұндай мүмкіндікті «Даму бала» арнайы бағдарламасы сыйлап отыр. Осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған бастама бүгінде оқуда озат, өнерде өрелі, спортта сайыпқыран болғысы келген талай жастың талантын ашып келеді.
«Даму бала» - балалардың қосымша білім алуына бағытталған мемлекеттік жоба. Бастама аясында ата-аналар баласын 30 түрлі бағыттағы үйірмелер мен спорт секцияларына тіркей алады. Бүгінде жүздеген жасөспірімдер спортпен тұрақты түрде шұғылданып келеді.
Бұл орталықта боксқа деген қызығушылық ерекше. Мәселен, жас былғары қолғап шебері Үмітхан Маметов кәсіби түрде бокспен 5 жыл бойы айналысып келеді. Осы уақыт ішінде облыстық және республикалық турнирлерде бақ сынап үлгерген.
Мамандардың айтуынша, секцияның басты мақсаты – балаларды спортқа баулу және денсаулықтарын нығайту. Бүгінде мүнда жасөспірімдер тұрақты түрде жаттығып келеді. Кей жас боксшылар тіпті облыстық деңгейде жақсы нәтиже көретіп жүр.
Үйірмелерге деген сұраныс әлі де жоғары. Тек қана спорт секциясына қатысу үшін 1300 бала кезегін күтуде. Айта кетейік, «Даму бала» платформасында ай сайын бос орындар саны анықталады. Мұндай бастамалар балалардың спорт пен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді