Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс науқанының аяқталуы және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басым бағыты. Президент саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді, деп атап өтті Үкімет басшысы. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеңеске тікелей эфир арқылы қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі биылғы егіс жұмыстары толық аяқталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 23,8 миллион гектар алқапқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Кеңес барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуалға тоқталып, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берді.

Облыста соңғы үш жыл ішінде майлы дақылдардың жоғары табысты алқаптары 887 мың гектарға жетіп, жалпы көлемнің 34%-ін құрады. Дәнді бұршақты дақылдар болса, 212 мың гектарға дейін өсті, бұл олардың жалпы көлемін 88%-ке арттырды. Сонымен қатар, картоп егіс алаңдары шамамен 2 есеге көбейіп, 7,5 мың гектарға жетті.

Мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жалпы құны 20 млрд теңге болатын жобалар бекітілді. Сонымен қатар 16 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу жоспарланып отыр.

2023 жылы бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша Kaizen серіктестігі іске қосылған болатын. Былтыр кәсіпорын 180 мың тонна өнім экспорттады. Биыл серіктестік жылына 40

мың тонна макарон өнімдерін шығаратын жаңа фабриканы іске қосады.

«Баян Сұлу» АҚ «Кондитерлік астана» жаңа фабрикасын іске қосады. Өндіріс көлемі 16 мың тоннаға өсіп, 68 мың тоннаға жетеді. Қуаты жылына 415 мың тонна астықты терең өңдейтін Qostanai Grain Industry зауытын іске қосу жоспарланған. Оның өнімдерінің бірі – биоэтанол. Ал биоэтанолдан жылына 57 мың тонна авиациялық отын өндіретін зауыт салынады. Сонымен қатар, жылына 174 мың тонна өнім өндіретін май экстракциялық зауытының құрылысы басталып кетті.