«Үздік аула» байқауына өтінім қабылдау басталдыҚостанайда жыл сайын өтетін «Үздік аула» байқауына өтінім қабылдау басталды. Құжаттар 5 маусымнан 14 шілдеге дейін қабылданады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын бұл шара бүгінде игі бастамаға айналды.

Жалпы облыс орталығында бұндай әсем аулалар аз емес. Қостанайлықтарды одан әрі ынталандыру үшін қала әкімдігі жыл сайын «Үздік аула» байқауын жариялайды. Биыл да солай. 5 маусымнан бастап байқауға қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Ол 14 шілдеге дейін жалғасады.

Арнайы комиссия ең лайықты үміткерлерді анықтайды. Әділ қазы алқасының құрамына әкімдік өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері кіреді. Қорытынды кезеңде байқау нәтижелері жарияланып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады. Өткен жылы іріктеуге 30-дан астам аула қатысып, үш жеңімпаз анықталған. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілген.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы тікелей табысталмайды. Қаражат аумақты абаттандыруға қажетті материалдарға бағытталады. Қатысушылар бірнеше маңызды критерий бойынша бағаланады. Атап айтқанда, көгалдандыру деңгейі, абаттандыру жұмыстарының сапасы және тұрғындардың белсенді қатысуы назарға алынады.