Облыс орталығында қазіргі күні құрылыс қарқын алып, көпқабатты үйлер саны артуда. Сәйкесінше, кәріз құдықтарының да саны көбейген. Бұл, үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Жыл басынан бері Қостанайдағы кезекшілік қызметіне кәріз құдығының беті ашық қалғаны туралы жүздеген қоңырау түскен. Бұндай жағдай халықтың өміріне қауіп тудырып тұр.

Құдық қақпақтарының жоғалуы көбіне ұрлық фактілерімен байланысты. Металл бұйымдарын заңсыз қабылдау орындарына өткізетіндер де кездеседі. Соның салдарынан коммуналдық кәсіпорындар қайта-қайта жаңасын орнатуға мәжбүр.

Бір кәріз құдығының қақпағын қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан бұл тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сонымен қатар коммуналдық шығындардың артуына да әсер етеді. Ашық құдық анықталған жағдайда тұрғындар тиісті мекемелерге немесе 109 қызметіне хабарласуы керек.

Қазіргі таңда кәсіпорын мамандары қала аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Ашық қалған құдықтар анықталған жағдайда жедел түрде қоршау қойылып, кейін жаңа қақпақ орнатылады. Дегенмен мәселені толық шешу үшін тұрғындардың да бейжай қарамауы маңызды.