Жазғы демалыс маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты Қостанай облысында туристік нысандар мен жағажайларды жаңа маусымға дайындау жұмыстары күшейтілді. Өңірде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
Бүгінде облыста шомылуға және демалуға арналған 26 ресми орын бекітілген. Оның алтауы коммуналдық, жиырмасы жеке демалыс аймағы. Соңғы екі жылда Қостанай, Рудный, Лисаков және Жітіқара қалаларындағы жағажайларда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жаңа демалыс орындары ашылып, жағажайлар қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.
Демалыс орындарының жайлылығы ғана емес, қауіпсіздігі де басты назарда. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде 48 туристік нысан мен жаппай демалыс орны есепке алынған. Оның ішінде балаларды сауықтыру лагерлері де бар.