Қостанайда қоқыстан табыс тапқандар көбейді. Жыл басынан бері өңірде 50 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналса, соның бестен бірі, яғни 10 мың тоннасы қайта өңдеуге кеткен. Бүгінде картон, резеңке мен пластик тау болып үйіліп жатқан жоқ. Олардан күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, тіпті құрылыс материалдары жасалады. Мамандардың айтуынша, бұл істі дөңгелету үшін тек тұрғындар тарапынан қоқысты бөлек тастау мәдениеті қалыптасса жеткілікті.

Қостанай облысында қоқысқа екінші өмір сыйлау үрдісі кең етек жайып келеді. Қазір өңірде қалдықты кәдеге жаратып, шикізат дайындайтын 16 өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Олардың бірі - «Атамекен 4 плюс» кәсіпорны. Зауыт қуаты тәулігіне бірнеше тонна сұрыпталған қоқысты қабылдауға қауқарлы. Мұнда арнайы технологияның көмегімен қалдықтар сүзгіден өтіп, қайта өңдеуге дайын шикізатқа айналады.

Облыс аумағында 50 мың тонна қалдық түзіледі, оның шамамен 10 мыңы қайта өңдеуге жіберіледі. Мұндай шикізаттан қазір өңірде жұмыртқа науалары, пластик қораптар, геоторлар және резеңке ұнтақтар өндірілуде. Мұның барлығы қоқысты сұрыптап тастаудың арқасында мүмкін болып отыр. Қазір Қостанайда пластик, ескі батарейкалар, бөтелке қалдықтарын бөлек жинайтын қоқыс жәшіктері орнатылған. Ал ескі жиһаз, есік-терезе сияқты қалдықтардың араласпауы үшін жеке ірі бункерлер орнатыла бастады.

Қалдықтарды дұрыс сұрыптау және қайта өңдеу жүйесінің дамуы өңір экологиясын жақсартуға үлкен үлес қосып отыр. Қостанай облысында енгізілген бөлек жинау жүйесі мен қайта өңдеу өндірістері қоқыс көлемін азайтып қана қоймай, одан жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік беруде.