Қостанайда жас шахматшылардың басын қосқан ірі дода жалғасуда. Қазақстан Балалар кубогының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Зияткерлік сайысқа еліміздің әр өңірінен келген жүздеген жас шахматшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Турнир кеңестік кезеңдегі қазақ шахматының аңыз тұлғаларының бірі, КСРО спорт шебері, Қазақ КСР-інің 11 дүркін чемпионы Анатолий Уфимцевтің құрметіне ұйымдастырылып отыр.
Даниал Ермұханов – аталмыш додаға қатысу үшін Атырау қаласынан келген. Жасы 10-да. Жас болса да бүгінде шахмат спортынан 3-ші дәрежесі бар. Өскенде әлемдік деңгейдегі мықты шахматшылардың бірі болғым келеді, ол үшін ел аймағындағы жарыстарда жеңімпаз атану маңызды, дейді жас спортшы.
Турнир екі санат бойынша ұйымдастырылған. «А» тобында 14 жасқа дейінгі 134 шахматшы өнер көрсетсе, «Б» тобында 10 жасқа дейінгі 151 қатысушы бақ сынауда. Барлық ойыншылар тоғыз турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша жарысады. Әр партияға 60 минут уақыт беріледі және әр жүріс сайын қосымша 30 секунд қосылып отырады.
Биылғы турнир шахмат әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Анатолий Уфимцевтің есімімен аталады. Ол тек бірнеше дүркін чемпион ғана емес, әлемдік шахмат теориясында ерекше орны бар тұлға. Өйткені қазіргі таңда кеңінен қолданылатын «Пирц – Уфимцев қорғанысы» дебютінің авторларының бірі ретінде тарихта қалды.