4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Осы айтулы мерекеге орай Жастар сарайында патриоттар форумы өтті. Мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, қоғам белсенділері мен жастар бас қосқан жиында көк туымызды әлемдік аренада желбіретіп жүрген және өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Оларға «Патриот-2026» байқауының арнайы марапаты табыс етілді.
Алқалы әлеумет пен жалынды жастардың басын қосқан форумның бұл жолғы атауы да ерекше. Жиын шымылдығы Мемлекеттік туды салтанатты түрде енгізу рәсімімен ашылды.
Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған «Адал азамат: елге қызмет, рәміздерге құрмет» атты форумда облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың жеткен жетістіктеріне тоқталып, құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында «Патриот-2026» байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл сынға 138 үміткер қатысып, үздіктері іріктелді. Олар өз саласында елеулі жетістікке жеткен, қоғамдық істерде белсенді және әлемдік додаларда көк туымызды желбіреткен азаматтар.