Қазақстанда еңбек ететін жасөспірімдердің құқығын қорғау күшейтілмек. Қазір Еңбек кодексіне кәмелетке толмаған қызметкерлерді міндетті сақтандыруға қатысты өзгерістер әзірленіп жатыр. Жаңа талаптар жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Соңғы жылдары алғашқы еңбек тәжірибесін ерте бастайтын жасөспірімдер саны көбейіп келеді. Бүгінде ел бойынша 5 мыңнан аса оқушы жұмыс істесе, бір ғана Қостанай облысында бұл көрсеткіш 600-ді құрайды. Осыған байланысты өңір-өңірде жас қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін бақылау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
Мамандар кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың нақты талаптары бар екенін еске салады. Заң бойынша жасөспірімдер белгілі бір жастан бастап қана еңбек қызметімен айналыса алады. Сонымен қатар олардың жұмыс уақыты мен еңбек жағдайына қатысты арнайы шектеулер қарастырылған.