Тобыл өзенінің жағасында «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті. Игі шараға белсенді жастар мен еріктілер бір кісідей атсалысып, жағалауды қоқыстан тазартты. Шараның басты ерекшелігі – мұнда бәсекелестік рух бар. Ең көп қоқыс жинаған командалар өзара жарысып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Игі шара арқасында жағажайдан жарты тоннаға жуық қалдық шығарылды.
«Таза ойындар» акциясы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы эстафета «Мөлдір бұлақ» деп аталды. Сайыс шарты бойынша қатысушылар эко-сенбілікке командамен қатысады. Олар қоқысты жай ғана жинап қоймай, түріне қарай сұрыптауы тиіс. Яғни, ірі қалдықтар, пластик пен шыны ыдыстар бөлек-бөлек қаптарға салынады. Еріктілердің еңбегі арнайы ұпай жүйесімен бағаланды.
Ойын форматында ұйымдастырылған экологиялық акция бұл жолы Тобыл өзенінің жағалауында өтті. Аталған аумақ – тұрғындар жиі демалатын орындардың бірі. Сенбілікке қатысушылар жағалауды автокөлік дөңгелектерінен бастап, түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартты.