Өңірде балық шаруашылығын дамыту ісі қарқын ала түскен. Бұл ретте, «Қостанай бекіресі» шаруашылығы ерекше жоба - бекіре тұқымдас балықтардың бірнеше түрін өсіруді қолға алған болатын. Сала жұмысы қаншалықты серпінді? Ішкі және сыртқы нарықта қаншалықты сұранысқа ие? Облыс әкімі жұмыс барысымен танысты.
Валентин Ищенконың бизнесі 2018 жылы шағын қожалықтан бастау алды. Ол бекіре балығын өсіру ісін қолға алып, табандылықпен жұмыс істеді. Бастапқыда аз мөлшерде ғана өсіргенімен, уақыт өте келе кәсіп өркендеп, балықтарды өсіру, өңдеу және халыққа тікелей сату жүйесі қалыптасты. Табыс табудың заманауи тәсілін мейлінше меңгерген кәсіпкерлер ішкі нарықтағы сұранысқа да ерекше көңіл бөлмек. Ендігі жоспар – форель өсіретін ферманың құрылысын бастау. Онда жылына 300 мың тонна дайын өнім өндірілмек.