Қостанай облысы бойынша 2025 жылы интернеттегі алаяқтық 31 пайызға артқан. Жалпы залал сомасы 4 млрд теңгеден асып түскен. Бұл туралы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин мәлім етті.
Оның айтуынша, басты себеп - тұрғындардың цифрлық сауатының төмендігі. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатымен қалаларда құрамы 32 маманнан тұратын профильдік қызметтер құрылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен 6 көмекші аппарат кешені сатып алынды. Нәтижесінде жыл басынан 6 дроп, 15 абонент нөмірлерін іске қосқыш, sim-box құрылғысы әшкереленіп, он интернет-алаяқ жауапқа тартылды. 3 мыңнан астам астыртын контент бұғатталды. 45 күдікті банк операциясы жедел тоқтатылды, деді Ерлан Файзуллин. Сөзінше, киберқылмыс көбіне өзге елдер аумағынан жасалады. Сол себепті алаяқтардың ізін кесу, тұтынушылардың цифрлық қауіпсіздігін қорғау – қиынға соғады. Сондықтан мұның алдын алу үшін халықтың ІТ-сауаттылығын арттыру керектігін атап өтті.