Күн күрт жылынса, Қостанай-2 шағын ауданындағы 220 ауланы су басу қаупі бар. Бұл жердегі қар аршу жұмыстары коммуналшылар мен мердігер ұйымның бақылауына алынған. Әлеуметтік осал топтар мен зейнеткерлер тұратын аулалардың тазалығына еріктілер жұмылдырылмақ. Қажет болған жағдайда төтеншеліктер де жедел іске кіріседі. Қостанай қалалық әкімдігінде өткен жиында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары пысықталды.

Қазір шаһар аумағында 18 шақырым су ағызу жүйесі мен 44 су өткізгіш құрылғы арқылы тұрғын үй кешендерін қорғау қамтамасыз етілген. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Су деңгейін бақылау мақсатында Қазгидромет пен Казводхоз бірлесе жұмыс жасауда. Сонымен қатар еріген қар суының деңгейін төмендетіп, оны Тобыл өзеніне бұру үшін қаланың нөсерлік кәріз жүйелері тазартылуда.