Шоқан Уәлихановтың еңбектерін насихаттау, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өтті аталмыш конференция. Ұлы ғалымның ғылым мен әдебиет тарихында алар орын үлкен. Шоқанның қысқа да, жарқын өмірі мен ғылыми қызметі қазақ халқының көпғасырлы дамуының, рухани ізденістерінің қорытындысы деуге әбден лайық.
Жас ғалым 1857 жылы «Орыс географиялық қоғамының» мүшелігіне қабылданған еді. Сол уақыттан бастап ғылыми қызметінің жаңа кезеңі Қашқарияға құпиялы жолмен баруы болды. Қауіпті саяхатынан жазылған естеліктер Ресей патшалығымен қоса, әлемнің басқа да алпауыт елдерінің қызығушылығын тудырған. Қалай екені белгісіз, осы еңбектерінің сиясы кеппей жатып, Лондонда ағылшын тілінде басылып шығады. Осылайша Шоқан Орталық Азияны Батысқа танытқан алғашқы зерттеуші атанады.
Конференцияға Қазақстан мен Ресейдің де Шоқантанушы ғалымдары қатысты. Олардың айтуынша Ұлы даланың - Ұлы баласын танып-білу әлі де көңіл қуантарлық деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан болашақта бұл бағыттағы жұмыстар ширай түспек.