2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңы күшіне енеді. Заңда мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына қойылатын қосымша талаптар мен мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер үшін тәртіптік жауапкершілік шараларын күшейту көзделген.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жаңа заң қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға, заңдылық қағидаттарын нығайтуға және қызметтік әдепті сақтауға бағытталған. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың тізбесін кеңейту. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар ретінде мыналар танылады: есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын медициналық мақсаттан тыс қолдану. Алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару. Сонымен қатар, еңбек тәртібін сақтауға ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшінің жұмыс күні ішінде осындай күйге әкелетін заттарды қолдануы лауазымдық міндеттерді өрескел бұзу болып танылады. Бұл, мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады. Департамент өкілдерінің айтуынша, жаңа нормалар қоғамға қызмет етудің жоғары мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардағы тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында да, одан тыс уақытта да жауапкершілігін арттыруға бағытталған.