Орман - табиғаттың баға жетпес байлығы, экологиялық тепе-теңдіктің кепілі. Сондықтан орманды қорғау және сақтау - баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында облыс әкімі орман шаруашылығы қызметкерлеріне 25 арнайы көліктердің кілтін табыстады. Жаңа техникалар орман алқаптарын тұрақты бақылауға, өрттің алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ заңсыз ағаш кесу мен табиғатқа зиян келтіретін әрекеттердің жолын кесуде орманшылардың жұмысын жеңілдетеді.
Бүгінде мемлекет тарапынан орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтып, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған қолдау шаралары күшейтіліп келеді. Соның бір айқын дәлелі кезекті рет жүзеге асты. Облыс әкімі 25 арнайы жол талғамайтын техниканың кілттерін табыстады
Қазбек Мұхамеджанов орман шаруашылығында 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, жаңа техника орманшылардың жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қостанай облысында 11 орман шаруашылығы бар. Олардың міндеті - жасыл желекті молайтып, келер ұрпақтың кәдесіне жарату. Сол табиғат сақшыларын әлеуметтік және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жылдан жылға жақсарып келеді.
Облыста орман өрттерін сөндіруге арналған арнайы техникалармен қамтамасыз ету деңгейі бүгінде 90 пайызға жеткен. Жалпы бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Қазір орман алқаптарының 70 пайыздан астамы бейнебақылау жүйесі арқылы қадағаланады. Сонымен қатар қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. Соңғы үш жылда орманшылардың жалақысы екі есеге өсіп, орташа есеппен 300 мың теңгеге жетті. Мамандардың айтуынша, мұндай қолдау табиғатты қорғау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.