Бизнес өкілдері үшін жаңа салықтық мүмкіндіктер. Биылдан бастап елде қолданыстағы салық режимдері оңтайландырылып, жеңілдетілді. Қаңтар айында қабылданған жаңа Салық кодексі кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысқа салық төлеудің үш жаңа тәртібін белгіледі. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау күшейтіліп, бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылды.

Жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлердің әртүрлі санаттары үшін арнайы салық режимдері көзделген. Соның бірі - жалдамалы жұмысшылары жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен қандастарға арналған режим. Оны ай сайынғы табысы 1 миллион теңгеден аспайтын тұлғалар пайдалана алады. Бұл ретте салық мөлшерлемесі 4 пайызды құрайды және әлеуметтік төлемдерді қамтиды. Ал жеке табыс салығы бұл санат үшін нөл пайыз деңгейінде белгіленген.

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі қарастырылған. Оны жылдық табысы 2 миллиард теңгеге дейінгі кәсіпкерлер пайдалана алады. Негізгі салық мөлшерлемесі кәсіпорын табысының 4 пайызын құрайды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттар бұл мөлшерлемені өз деңгейінде 2 пайызға дейін төмендетіп, кәсіпкерлерге түсетін жүктемені азайта алады.

Кодексте шаруа және фермер қожалықтары үшін де ерекше шарттар қарастырылған. Аграршылар үшін бірыңғай жер салығы қолданылады, ал жеке табыс салығының мөлшерлемесі небәрі 0,5 пайызды құрайды. Мұндай жеңілдіктер ауыл шаруашылығы өндірушілерінің салықтық жүктемесін төмендетіп қана қоймай, жергілікті нарықтардағы өнімнің түпкілікті бағасын арзандатуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл шара агро секторды қолдау тетіктерін тұрақтандыруға және мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Арнайы салық режимдері кәсіпкерлерге бизнес жүргізудің ең қолайлы нұсқасын таңдауға және салықтық есептілікті қысқартуға мүмкіндік береді. Оларды қолдану шарттары қызмет түріне, қызметкерлер санына және табыс көлеміне байланысты. Бұл режимдер жаңадан бастаған кәсіпкерлерге де, ірі өндірістік кәсіпорындарға да арналған. Ал ауыл шаруашылығы саласы жаңа кодекс аясында айтарлықтай салықтық жеңілдіктерге ие болды.