Қорғаныс министрлігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында әскери қызметшілерге арналған өтініштерді қабылдаудың цифрлық жүйесін іске қосты.

Ведомство мәліметінше, жаңа сервис әскери қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдарда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған. Цифрлық жүйенің көмегімен әскери қызметшілер күш қолдану, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел түрде хабарлай алады. Келіп түскен өтініштерге қатысты уақтылы әрекет ету мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасында бірыңғай «Жедел желі» Call-орталығы жұмыс істейді. Әрбір келіп түскен хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.