ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны «Qyzmet-Police.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жаңа цифрлық форматта жалғасуда.  15- шілдеден бастап талапкерлер тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруға кіріседі. Барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі.
Сонымен қатар ата-аналар сынақ барысын жеке қатысып бақылай алады. Бұл конкурстық іріктеудің барынша ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Биылғы қабылдау науқанының басты ерекшелігі — оның алғаш рет толығымен цифрлық форматта «Qyzmet-Police.kz» ақпараттық жүйесі арқылы өткізілуі. Біздің негізгі міндетіміз — конкурстың барынша ашық әрі баршаға түсінікті өтуін қамтамасыз ету. Бірінші кезең сәтті аяқталды. Кандидаттар құжаттарын жүйе арқылы тапсырды, әскери-дәрігерлік комиссияның нәтижелері де осы жүйеде көрсетілді. Соның арқасында қағаз түріндегі жеке істер, түрлі мекемелерге бару айтарлықтай азайды. 15 шілдеден бастап келесі кезең — дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру басталады. Нормативтер жоғары оқу орындарында емес, кандидаттардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде қабылданады. Бұл ең алдымен талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін жасалып отыр. Ең бастысы бүкіл процесс барынша ашық өтеді. Әрбір нормативтің орындалуы бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфир ұйымдастырылады деді ІІМ жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Сенбек Иманғали.