Айкөмек ахуалдық орталығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмыс істейді. 24 сағат демалыссыз қызмет етіп, тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайды. Соңғы бір аптада орталыққа 1846 өтініш түскен. Тұрғындар тарапынан электрмен жабдықтау, жол инфрақұрылымы, сумен қамту, көше жарығы, жолдардың жағдайы және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелері жиі көтеріліп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр, алайда тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер саны азаяр емес. Сонымен қатар қаңғыбас иттер мәселесі де өзекті. Тиісті қызметтер қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтады. Сонымен қатар қалада ит-мысықты уақытша ұстау және оқшаулау орталығын салу мәселесі қарастырылуда. Жоба іске асқан жағдайда бұл түйткілдің түйіні тарқатылады.