Қостанайда 21 жазғы аула клубы жұмыс істейді. Балалар үшін спорттық, шығармашылық және танымдық бағыттағы түрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Бүгінде мұндай орталықтардағы демалыспен 4 мыңнан астам бүлдіршіндер мен жасөспірімдер қамтылған.

Аула клубтарына 7 мен 18 жас аралығындағы жеткіншектер қатыса алады. Тәрбиеленушілер үшін ондаған үйірме мен спорт секциясы ашылған. Сондай клубтардың бірі №13 мектеп аумағында орналасқан «Жастар» аула клубында балалар таза ауада футбол және ұлттық ойындарды ойнай алады. Балғындардың айтуынша, олар өз уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алған.

Балаларға арнап би, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері де белсенді жұмыс істейді. Бұл балаларға өз қызығушылығына сай бағытты таңдауға көмектеседі. Бұл мекемеде 200ден астам бала жазғы демалысын ұмытылмастай өткізуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазғы маусымда тәрбиелік және танымдық бағыттағы іс-шараларға басымдық беріледі. Бұл жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуге және олардың жан-жақты 

дамуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, барлық үйірмелер мен секциялар тегін. Қазір аула клубтары түскі 12-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың жұмысын таңғы сағат 9-дан бастау жоспарланып отыр.