Денсаулықты сақтауда ауруды емдеуден бұрын оның алдын алу маңызды. Әсіресе онкологиялық дерттерді ерте кезеңде анықтау адамның өмірін сақтап қалуға және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта елімізде скринингтік тексерулердің қолжетімділігін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай облысында да бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Бүгінде елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған үш негізгі скринингтік бағдарлама жүзеге асырылуда. Олар – сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және тоқ ішек қатерлі ісігіне қарсы тексерулер.
Дәрігерлер скринингтің басты мақсаты - қауіпті ауруларды уақытында анықтау екенін айтады. Сонымен қатар науқастар үшін «Жасыл дәліз» маршруты жұмыс істейді. Бұл жүйе барлық қажетті диагностикалық тексерулерді 18 күн ішінде өтуге мүмкіндік береді.
Қазір өңірдің онкологиялық қызметі қарқынды дамып келеді. Ауруханадағы сараптамалық эндоскопиялық орталықта заманауи зерттеулер жүргізіліп, қатерлі ісікке әкелуі мүмкін өзгерістер ерте кезеңде анықталады. Мамандардың айтуынша, скринингтен уақтылы әрі тұрақты өтіп тұру дерттің алдын алуға және оны бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік береді.