Кез келген адам өзінің туған жылын, күнін біледі. Ал, қай уақытта, яғни нешеде дүние есігін ашқанына мән бермейді. Осыны білу арқылы алдағы өмірге болжам жасауға болады. Әлеуметтік желілердегі осындай хабарлама қостанайлықтардың да қатты қызығушылығын тудыруда. Облыс орталығындағы Перинаталдық орталыққа соңғы екі аптада ғана өзінің нешеде өмірге келгенін білгісі келген 200 адамнан өтініш түскен. Біз мамандардың пікіріне жүгіндік. Не айтты? Гүлім Қажымқызының репортажында. 

«Мен туған уақытымды білмегендіктен астрологқа бардым. Кейін ресми деректер арқылы анықтасам, бәрі басқаша болып шықты». Әлеуметтік желідегі осы жазба үш жүз мың адамның қызығушылығын тудырды. Осы оқиғадан кейін көпшілік өздерінің де нақты қай сағатта туғанын анықтауға кіріскендей. Бірі анасына хабарласып жатса, енді бірі ескі құжаттарды ақтарып әлек. Ал, 200-ден аса қостанайлық е-өтініш арқылы ресми органдарға сауал жолдаған. 

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері өтініш қалдырған ең жасы үлкен тұрғынның 1957 жылғы екенін айтады. Ал ең жасы 2007 жылғылар екен. Мамандар әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін жұрттың жаппай архив іздеп кетуіне негіз жоғын айтады. 

Ал туған уақыты сақталған архивтік құжаттар бар азаматтар қажетті мәліметті ресми сұраныс арқылы ала алады. Ол үшін перинаталдық орталықтан бір дәрігер тағайындалады. Ол архивтік құжаттарды қарап, жауап дайындап, оны қосымшаға жүктеп, тұрғынға жолдайды.