ҚР Көлік министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол инфрақұрылымы элементтерін нормативтік талаптарға сәйкестендіруге бағытталған жол белгілері айлығы басталғанын хабарлайды.
Айлық аясында жол қызметтері, атап айтқанда Жол активтері сапасының ұлттық орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орнатылған барлық жол белгілеріне кешенді тексеру жүргізбек. Олардың дұрыс орналастырылуына, техникалық жай-күйіне, көріну деңгейіне, сондай-ақ қолданыстағы жол қозғалысын ұйымдастыру схемасына сәйкестігіне ерекше назар аударылғалы отыр. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүргізілген жол учаскелері бөлек тексеріледі. Ол жерлерде жылдамдықты шектейтін белгілерді қоса алғанда, уақытша немесе ескірген белгілер сақталып қалуы мүмкін. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мұндай белгілер алынып тасталады немесе өзекті белгілермен ауыстырылады. Сондай-ақ, тексеру шеңберінде жол белгілерінің қараңғы уақытта көрінуі, жарық шағылдыратын элементтердің болуы, сондай-ақ жол жағдайларын ескере отырып, олардың дұрыс орнатылуы бағаланатын болады. Жалпы, республикалық маңызы бар жолдарда 140 мыңға жуық жол белгісі орнатылған. Жол қауіпсіздігі жөніндегі кешенді нысаналы бағдарлама аясында жыл сайын 10 мыңға жуық белгі жаңартылады. Бұл шара республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол белгілерінің жай-күйін жүйелі түрде тексеруге және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.