Жітіқарадағы экологиялық мәселелер жоғары деңгейде талқыланды. Өңірге жұмыс сапарымен келген Экология вице-министрі тұрғындармен кездесті. Мансұр Ошурбаевқа шағын шаһар тұрғындары су айдындарының тазалығы мен жергілікті карьерлердің қоршаған ортаға әсері туралы маңызды сұрақтар қойды.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев жұмыс сапарымен Жітіқара қаласына келді. Сапар аясында вице-министр өңір тұрғындарымен, үкіметтік емес ұйымдар және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізіп, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдады.

Қала тұрғындары еркін сұрақ қою барысында экологиялық ахуалдың қазіргі деңгейі туралы толық ақпарат алды. Сондай-ақ Жітіқара ауданында жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауы тұрақты бақылауда екені айтылды. Вице-министрдің сөзінше, қазіргі уақытта өзен-көлдер мен ауыз суға ешқандай қауіп жоқ, себебі олардың сапасы үнемі қадағаланып келеді. Отырысқа қатысқан Қостанай облыстық «Қазгидромет» филиалы директорының сөзінше, өзен суының деңгейі мен сапасы тұрақты түрде бақылауда.

Кездесу барысында азаматтар экологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтын мамандар саны көбейсе деген ұсыныстарын білдірді. Олардың пікірінше, бұл қоршаған ортаны қорғау жұмыстарын одан әрі күшейтіп, халықтың экологиялық қауіпсіздікке деген сенімін арттыра түседі.