Қостанайда жедел жәрдем дәрігерлері бассейнге батып кеткен 4 жастағы баланы аман алып қалды. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Оқиға орнында сәтті реанимациялық шаралар жүргізіп, баланың жүрек соғысын қалпына келтірген.

Бассейннен ес-түссіз табылған бала туралы қоңырау жедел жәрдем қызметіне сағат 16:17-де түскен. Оқиға орнында достарымен демалып жүрген медициналық колледж студенті Дияр Рахымжанов жедел топ болып жиналған адамдардың жанына барған. Ес-түссіз хәлде жатқан бүлдіршінді көрген сәтте алғашқы жәрдем көрсетіп, жүрекке массаж жасаған. Аздаған уақыттан соң жедел жәрдем бригадасы келіп, реанимациялық шаралар жүргізіп, баланы аман алып қалған. Бүлдіршін қазір балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында.