Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды кездесу өтті. Жиын барысында екі елдің білім және ғылым саласындағы байланыстарын дамыту, студенттер алмасу бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Бұл басқосуға екі мемлекеттің сенаторлары, парламент депутаттары және жоғары оқу орындарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын аясында спикерлер қазіргі жаһандану жағдайында білім беру саласындағы халықаралық серіктестіктің маңызы ерекше екенін атап өтті.

Мемлекеттік басымдықтардың қатарында ғылымды дамыту, цифрландыру мен ЖИ-ді кеңінен енгізу, бәсекеге қабілетті маман даярлау міндеті тұр. Демек, бұйығып жатып, тұйық тіршілік кешуге болмайды. Адами капитал тұрғысынан алғанда интеграция ауадай қажет.

Жиын қорытындысында тараптар жоғары білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіріп, болашақта бірлескен ғылыми форумдар мен студенттік жобалар және халықаралық конференциялар ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын білдірді. ЖОО басты миссиясы – трансшекаралық білім берудің тиімді үлгісі арқылы өңірді сапалы мамандармен қамтамасыз ету. Филиал РФ озық федералдық мемлекеттік білім беру стандарттарын ҚР экономикасы мен құқықтық жүйесінің ерекшеліктерімен үйлесімді байланыстыратын өзіндік «көпір» қызметін атқарады.