Биыл облыста 103 мыңға жуық бала сауықтыру шараларымен қамтылады. Жазғы кезеңде өрендерді сапалы әрі қауіпсіз демалысқа жұмылдыру мақсатында 12 лагерь мен 600-ден аса мектеп жанындағы алаң жұмыс істемек. Бұл жөнінде білім басқармасының басшысы Айман Ибраева әкімдік отырысында мәлім етті. Сондай-ақ, балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ішкі туризмді дамытуға бағытталған бірқатар жобалар да жүзеге асырылмақшы.
Қостанай облысында биыл 113 мыңнан аса оқушы оқу жылын аяқтады. Олардың 5213-і он бірінші сынып бітіріп, үлкен өмірге қанат қағып жатыр. Облыста 231 түлек «Алтын белгіден» үмітті болса, тағы 302-сі «Үздік аттестат» иегері. Ал жасөспірімдердің 78 пайызы ұлттық біріңғай тестілеуге қатысуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Түлектердің басым бөлігінің таңдауы отандық жоғары оқу орнына түсуде.
Қостанайлық оқушылар биылғы оқу жылын сәтті тәмамдады. Дарынды өрендер халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауынан 19 медаль еншілеген. Бұл жақсы көрсеткіш. Спортта да жетістік көп. Сала басқармасының басшысы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында тоғызыншы сынып оқушылары үшін қорытынды емтихан ұйымдастырылатынын айтты. Аттестат табыстау рәсімі облыс бойынша 18 маусымда өтпек. Айман Ибраева балалардың жазғы демалысы мәселесіне де тоқталды.