Ауру айтып келмейді. Қостанай облысында бруцеллезге қатысты эпидемиологиялық ахуал алаңдатып отыр. Жыл басынан бері өңірде қауіпті инфекцияның алты жағдайы тіркелген.
Бруцеллез – жануарлардан адамға берілетін ауыр жұқпалы ауру. Қостанай облысында жыл басынан бері бруцеллез жұқтырудың алты жағдайы тіркелді. Оның екеуі осы айдың басында анықталған. Мамандардың айтуынша, аурудың алғашқы белгілері шамамен бір айдан кейін байқала бастайды. Адам әлсіреп, тәбеті төмендеп, қатты терлейді. Кейін денсаулығы сыр беріп, буындары ауырады. Алдымен тізе сырқырап, одан соң жамбас, тобық пен шынтаққа дейін таралуы мүмкін. Бұл дерт көбіне малмен тығыз байланыста болатын адамдар арасында кездеседі. Сондықтан сақтық шараларын сақтау өте маңызды.