7000-нан астам адам соңғы 2 жыл ішінде облыстағы IT индустрияның дамуына өз үлесін қосты. Олар түрлі жобалар ұсынып, әртүрлі іс-шараларға қатысты. Қазіргі таңда 150-ден астам жоба нақты қолдау мен сараптамалық сүйемелдеуге ие болды. Ал 10 стартап бүгінде елордадағы Astana Hub базасында сәтті жүзеге асырылып жатыр

Жасанды интеллект негізінде жасалған боттардан бастап агродрондарға дейін. Қостанай облысы цифрлық болашаққа бет бұруды жалғастыруда. Егер бірнеше жыл бұрын өңір тек аграрлық және өнеркәсіптік аймақ ретінде танылса, бүгінде мұнда қоғамдағы түрлі мәселелерді шешуге бағытталған тың жобалар іске асырылып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл - бастамасы ғана. Алдағы уақытта IT саласын дамытуға арналған алаңдарды кеңейту жоспарланып отыр.

Қалада бірнеше жылдан бері Qostanai Hub базасындағы жобалық инкубатор табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда 3 оқу залы бар, сондай-ақ тұрақты түрде воркшоптар мен түрлі оқыту бағдарламалары өткізіледі. Бүгінде Qostanai Hub алаңында Аitomaton, DeepDala, EpiQ AI секілді флагмандық жобалар жүзеге асуда.

Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі - Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің ашылуы болды. Қазір мұнда 50 заманауи жұмыс орны жабдықталып, жастарға AI технологиялары мен деректерді талдау бағыттары оқытылуда. Сонымен қатар, жыл соңына дейін өңірде 30-дан астам технологиялық іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде хакатондар мен AI-воркшоптар бар. Ал басты оқиғалардың қатарында Qostanai Hub Battle және өңірдің үздік IT жобаларын анықтайтын Qostanai Digital Awards байқауы өтеді.