Облыстық қан орталығында донор қажеттілігі мәселесі туындауда. Өйткені, қанға мұқтаж сырқаттар саны көбейген. Бүгінде орталықта қан қоры жеткілікті. Бірақ, оны күнделікті толықтырып отыру керек,- дейді мамандар. Сондықтан, бірқатар іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылуда
Қостанай облыстық қан орталығында барлық компоненттердің қоры тәулік бойы қатаң бақылауда. Мамандардың айтуынша, қанға деген сұраныс күн сайын өзгеріп отырады. Әсіресе, бірінші және үшінші қан топтарына сұраныс жоғары. Сондықтан резервті сақтау мен оны медициналық ұйымдарға дер кезінде жеткізу басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар, облыстық қан орталығында донорлықты дамыту және халықты тарту мақсатында түрлі ақпараттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Қазір мұнда 12-ші және 17-ші маусымда өтетін Дүниежүзілік қан доноры күніне қызу дайындық жүріп жатыр.
Донорлық – үнсіз ерлік. Бір ғана донация бірнеше науқасқа үміт сыйлайтын мүмкіндік. Сондықтан қаламызда, жалпы елімізде донорлықты дамыту маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.