Облыстық аурухананың №3 корпусындағы перинаталдық орталықтың күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай келеді. Бірнеше жыл бұрын басталған жоба аясында бөлімшелерді кеңейту, инженерлік желілерді жаңарту және заманауи медициналық жабдық орнату жоспарланған еді. Алайда құрылыс тоқтап, іс сотқа дейін жеткен.
№3 корпусқа жүргізілетін жөндеу тек әрлеу жұмыстары ғана емес-тін. Жоба бойынша перинаталдық орталықтың орнына 2 жаңа бөлім яғни жақ-бет хирургиясы және гинекология бөлімі ашылуы тиіс еді. Осы мақсатта 2024- жылы мердігер ретінде қарағандылық «Rakada Group» компаниясы бекітілді. Алайда құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмай, тапсырыс беруші мекеме келісімшартты бұзуға мәжбүр болды.
Қазір облыстық аурухана бір мезетте бірнеше сот процесіне қатысып жатыр. Бұдан бөлек, нысанда тағы бір даулы жағдай тіркелген. Жөндеуден өткен бөліктерге орнатылған медициналық жабдықтар ұрланған. Қазіргі таңда ғимарат ішінде жалаң қабырғалар мен үзілген сымдар ғана қалған. Аурухана басшылығының мәліметінше, жоғалған жабдықтардың құны 141 млн теңгеге бағаланып отыр.