Жангелдин ауданына қарасты Саға ауылында 67 үй мен 400-ден астам тұрғын тұрады. Жыл өткен сайын ауылдың ажары артып, дамып келеді. Қазіргі таңда мұнда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл көшелері біртіндеп заманауи кейіпке еніп, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейіне оң ықпал етуде. Бұл игі бастамалар Алаш ардақтысы, ұлт зиялысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойына орай қолға алынған. Ел есінде мәңгі қалатын тарихи дата өңірдің дамуына жаңа серпін беріп отыр.