Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл күні бар өмірін адамның денсаулығына арнаған ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсету дәстүрге айналған. Қостанайда сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік мамандар марапатталды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында Денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру керектігін үнемі айтып келеді. Бұл, заман талабы. Соңғы кезде отандық денсаулық сақтау саласының озық қадамдары артып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында емдеу мекемелері заманауи құрылғылармен жабдықталып, күрделі оталар өз елімізде жасала бастады. Ауылдық жерде де сапалы қызмет қолжетімді болды. Жиынға қатысқан облыс әкімі медицинаны дамытуға бағытталған қаржының арта түскенін, материалдық-техникалық базаның жақсарғанын атап өтті. Жалақы көбейіп, жас мамандар баспанамен қамтылып жатқанына тоқталды.
Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан мамандар марапатталды. Олардың қатарында Қостанай облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, анестезиолог-реаниматолог Марат Жанақаев та бар. Ол медицина саласында 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі табысталды.
Қызметі кіші болса да рөлі үлкен медбикенің қадірін басы ауырып балтыры сыздаған кез келген адам түсінеді. Қиналып жатқан сырқатты дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де емдеу керек. Қырық жылға жуық тәжірибесі бар аға мейірбике Нина Пилипенко осылай деп есептейді. Ол 1985 жылдан бері өз өмірін науқастарға қызмет етуге арнаған.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қостанай облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық беріліп келеді. Биыл бұл бағытқа 133,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа мамандар тарту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда.
Салтанатты шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ақ халатты абзал жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты міндеті санайтын медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Тәулік бойы талмай еңбек етіп, әрбір науқастың өмірі үшін күресетін мамандарға бұл күн көрсетілген құрмет пен
ризашылықтың белгісі.