Зейнеп Ахметова Қостанайдағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жазушы өзінің шығармашылық жолы, әдеби және қоғамдық қызметі туралы әңгімелеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ отбасылық тәрбие, үлкенге құрмет, еңбек мәдениеті және қазақы болмысты сақтаудың бүгінгі қоғамдағы орны жөнінде ой бөлісті. Еркін форматта өткен кездесуде БАҚ өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды сұхбат өрбіді.
Кездесудің басында Зейнеп Ахметова қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы туралы жазған кітаптарының жарыққа шығу тарихын баяндады. Оның айтуынша, батырдың айтқан нақыл сөздері мен өмірдегі іс-әрекеттерін күнделігіне ұдайы түртіп отырып, жылдар бойы жинақтаған. Кейін сол құнды жазбалар негізінде кітаптар жарық көріп, оқырманға жол тартқан.
Еркін сұрақ-жауап барысында БАҚ өкілдерінің бірі ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігі туралы сауал қойды. Сұраққа жауап берген Зейнеп Ахметова қазақы тәрбиеде отбасы татулығы мен өзара сыйластықтың ерекше орын алатынын айтты.
Тұсаукесер салтының мән-маңызына тоқталған Зейнеп Ахметова соңғы жылдары бұл рәсімге эстрада жұлдыздары мен танымал тұлғаларды шақыру үрдісі белең алғанын айтты. Оның пікірінше, тұсау кесетін адамды таңдауда ең алдымен оның тектілігіне, тәрбиесіне және өмірлік өнегесіне мән беру қажет.
Кездесу соңында қатысушылар ұлттық құндылықтар, отбасылық тәрбие және салт-дәстүр төңірегінде еркін пікір алмасты. Зейнеп Ахметова көпшілікті қазақы болмысты сақтап, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Тағылымды кездесу жиналған қауымға рухани азық беріп, ұлттық мұраны дәріптеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады.