Халықты әлеуметтік қорғаудың басым бағыттарының бірі - азаматтарды жұмыспен қамту. Қостанайда жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды еңбекке орналастыру және мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселелер қала әкімдігінде өткен отырыста талқыланды.
Өңірде жұмыссыздық деңгейін азайту және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірлік жол картасы аясында жоспарланған 8113 адамның 2581-і еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарға, оның ішінде жастар мен егде жастағы тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда 2088 адамға жәрдем беріліп, олардың 855-і тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың тағы бір тиімді бағыты - кәсіптік оқыту. Биылғы жылы 105 адам сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өткен
«Мансап» орталығының мәліметінше, мемлекет тарапынан 1 миллион 700 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлінеді. Бұл қаражат азаматтарға өз ісін бастауға қажетті құрал-жабдықтар алуға мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндік жөнінде тұрғындардың барлығы бірдей біле бермейді. Осыған байланысты қала әкімі ақпараттандыру
жұмыстарын күшейту жөнінде тиісті тапсырма берді.
Жалпы, қалада жұмыспен қамту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде азаматтарды еңбекке тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында оң нәтижелер байқалуда. Бұл еңбек нарығындағы белсенділіктің артуына ықпал етеді.