Қостанайда ұлттық руханиятты арқау еткен тағылымды кездесу өтті. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен тәрбиелік құндылықтарын кеңінен насихаттап жүрген белгілі жазушы, қоғам қайраткері, «Халық Қаһарманы», батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова көпшілікпен жүздесіп, ұлттық мұраның өміршеңдігі жайында ой бөлісті.
Кездесу басталған сәттен-ақ залда ерекше жылылық пен рухани жақындық сезілді. Ғасырлар сүзгісінен өткен ұлттық құндылықтарды бүгінгі қоғаммен сабақтастырып жүрген Зейнеп Қабденқызы жиналған қауыммен жүрекжарды әңгімесін бөлісіп, қазақы тәрбиенің тереңдігі мен өмірлік маңызы туралы ой толғады. Анасынан ана болудың алғы- шарттарын бойға сіңірді.
Кеш барысында отбасы институтының қадір-қасиеті, ана тәрбиесінің орны, ұлттық болмысты сақтаудағы салт-дәстүрдің рөлі кеңінен сөз болды. Жазушы өз сөзінде халық даналығының мәйегі саналатын әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылардың тәрбиелік мәніне тоқталды. Сондай-ақ, «Халық Қаһарманының» келіну болу қаншалықты бақыт болса, соншалықты қиын екенін де еске алды.
Зейнеп Ахметова қазақтың қайсар перзенті Бауыржан Момышұлымен бірге өткізген жылдардан сыр шертіп, батыр тұлғаның отбасындағы болмысы, ұстанымы мен тәрбиелік қағидалары туралы құнды естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, оның тәртіпке, білімге, адамгершілікке қатысты айтқан өсиеттері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. "Халық Қаһарманының» көзін көрген жергілікті қаламгерлер де ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Еркін форматта өрбіген тағылым мен танымға толы басқосу соңында қатысушылар Зейнеп Қабденқызына алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызын ерекше атап өтті. Ұлттың рухани қазынасын дәріптеген бұл жүздесу көпшілік жадында ұзақ сақталатын мазмұнды әрі мәнді кездесу ретінде есте қалды.