Ауыл шаруашылығы - өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Қостанай облысында көктемгі егіс науқаны мәресіне жақындап, диқандар алқаптағы жұмыстың соңғы кезеңіне кірісті. Сонымен қатар ауыл - аймақтарда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар да қарқын алып келеді. Алтынсарин ауданында бірден үш сүт-тауарлы ферма салынуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен ауданға барып, егіс алқаптарын аралап, салынып жатқан нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Алтынсарин ауданына жасаған жұмыс сапарын облыс әкімі егіс алқаптарын аралаудан бастады. Биыл шаруа қауымы көктемгі дала жұмыстарына ерте кірісіп, қолайлы ауа райын тиімді пайдаланған. Дәстүр бойынша аудан шаруашылықтары дәнді дақылдарға басымдық берген. Бидай мен арпа негізгі егіс көлемін құрайды. Алайда соңғы жылдары майлы дақылдардың үлесі де артып келеді. Әсіресе күнбағыс өсіруге қызығушылық жоғары.

Өңірде егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соның айқын дәлелі – Обаған ауылында салынып жатқан жаңа сүт-тауарлы ферма. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі жүргізілуде. Металл конструкциялар орнатылып, болашақ өндірістік нысандардың келбеті айқындала бастаған.

Жоба толық іске қосылғанда фермада 400 бас ірі қара ұсталмақ.

Ал Новоалексеевка ауылындағы жоба әзірге бастапқы кезеңде. Қазір құрылысшылар нысанның алғашқы ғимараттарының іргетасын құю жұмыстарын жүргізуде. Жобаны жүзеге асыру үшін шаруашылық үш миллиард теңгеден астам несие қаражатын тартқан. Бұл қаржы заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салуға мүмкіндік береді. Болашақта мұнда жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара өсіріліп, ауданның сүт өндірісін ұлғайту көзделген. Жоба 2027 жылдың маусым айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ал Большая Чураковка ауылындағы жоба бүгінде нақты нәтиже бере бастады. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бірнеше апта бұрын жаңа сүт-тауарлы ферма алғашқы жұмысын бастады. Заманауи кешенде 400 бас аналық малға арналған қора, төл өсіруге арналған бұзау қорасы және қажетті өндірістік-тұрмыстық ғимараттар қарастырылған.

Жалпы Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл үш жоба өңірдің сүт өндірісін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл экономикасын нығайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.