Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымал қазақстандық суретші Нұрбек Жәрдемовтің «Ақжайық өлкем» атты дербес көрмесі салтанатты түрде ашылды. Орал қаласынан келген қылқалам шеберінің шығармашылығына арналған көрме өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды
«AQJAIYQ ÓLKEM» көрмесінде суретшінің шығармашылық жолының әртүрлі кезеңдерін қамтитын 45 туынды қойылған. Экспозиция төрт негізгі бөлімнен тұрады: «Тарих», «Табиғат», «Тұрмыстық қарым-қатынас» және «Өмір философиясы». Әсіресе көрменің негізгі бөлігін құрайтын философиялық бағыттағы жұмыстар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Автор өз еңбектерінде ұлттық болмыс пен тарихи жадыны заманауи көркемдік шешімдер арқылы бейнелейді. Абстрактілі формалар мен символдық образдар арқылы суретші адам жанының ішкі әлемін, табиғат пен уақыттың байланысын терең ашып көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба өңіраралық мәдени байланысты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және бейнелеу өнерін кеңінен танытуға бағытталған.