Зейнеп Ахметова сол сияқты Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттармен кездесті. Тағылымды басқосуда қаламгер қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының ерлігі, өмірлік ұстанымы мен елге сіңірген еңбегі туралы сыр шертіп, болашақ тәртіп сақшыларын отансүйгіштікке үндеді
Қазақтың даңқты батыры, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен өнегелі мұрасын кеңінен насихаттап жүрген жазушы-этнограф Зейнеп Ахметова Қостанай академиясының курсанттарымен тағылымды жүздесу барысында батыр бабамыздың ерлігі мен өр тұлғасы жайында әңгіме өрбітіп, оның қайсар мінезі мен отансүйгіштік қасиеттерін болашақ тәртіп сақшыларына үлгі етті.
Кездесу барысында Зейнеп Ахметова елге адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлының өмір бойы ұстанған тәртіп, жауапкершілік, намыс пен адалдық қағидаларына тоқталып, олардың бүгінгі жастар үшін маңызын ерекше айтты.
Тағылымды кездесуде курсанттар батыр рухына тағзым етіп, Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған шағын театрландырылған қойылым көрсетті. Сондай-ақ полиция сержанты Досбол Смайылов батыр рухына арнап жазған шығармасын оқып берді.
Кездесу соңында академия курсанттары саптық дайындықтарын көрсетіп, арнайы қару-жарақпен күрделі әскери-қолданбалы қимылдарды орындады. Бұл көрініс жастардың кәсіби дайындығы мен тәртіпке деген жауапкершілігін айқын аңғартты.
Осылайша Зейнеп Ахметованың Қостанай академиясы курсанттарымен кездесуі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кеш барысында батыр бабамыздың өмір жолы, ел үшін жасаған ерен еңбегі мен ерлік істері кеңінен сөз болып, оған арналған кітаптардағы тағылымды оқиғалар ортаға салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жай ғана кездесу емес, жас буынның бойына отансүйгіштік рухты сіңіріп, Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін үлгі етуге бағытталған маңызды рухани шара болды.