Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Қасым Тоғызақовтың 116 жылдығына арналған «Тағдырлы тұлға…» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды басқосу Меңдіқара ауданында ұйымдастырылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер, ұстаздар мен аудан тұрғындары қатысты.

Іс-шарада ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жайлы айтылды. Әдебиет пен ғылым өкілдері Қасым Тоғызақовтың шығармашылық еңбектеріне терең талдау жасап, естеліктерін бөлісті. Жиында Қасым Тоғызақовтың ұлы, белгілі актер Ерболат Тоғызақов та сөз сөйлеп, әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Қасым Тоғызақов қазақ-орыс тілдерін жетік меңгерген. Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болған. Лермонтов, Пушкин, Маяковский, Чехов және өзге де әлемдік деңгейдегі классиктерді қазақ тіліне тәжірмалаған. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операсына либретто, «Сібір Омар» атты поэма жазған.

Әдеби кеште Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекенов орындаған «Арқа мені тартады» әні кештің әсерін арттыра түсті. Қасым Тоғызақовтың сөзіне жазылған бұл туынды тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.