Қостанай ауданындағы мектеп оқушылары заманауи агротехнологияларды меңгере бастады. Мәселен, Заречныйдағы «Келешек» мектебінде «Жасыл зертхана» сыныбы ашылды. Бүгінде жас зерттеушілер гидропоника әдісімен гүл өсіріп, мектеп жылыжайында көкөністің түр-түрін жайқалтып отыр.
Заречныйдағы «Келешек» мектебінде заманауи агротехнологияларды оқытуға арналған «GreenLab School» аясында зертханалық сыныптар ашылды. Бұл оқу-тәжірибелік жоба балалардың экологиялық мәдениетін арттырып, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуды көздейді. Зертхана жұмысы нәтижесіз емес: биылдың өзінде оқушылар 200 түп қызанақ, 100 түп қияр егіп, 21 қапшықта 42 түп картоп өсірген.