Қарасу ауданының Жалғызхан ауылында көптен күткен медициналық пункт ашылды. Бастан-аяқ жаңадан салынған ғимарат кең, жарық. Аумағы жағынан дәрігерлік амбулаторияға татиды. Бірақ ішінде адамдарды қабылдау және емшара жасау бөлмесі ғана жұмыс істейді. Қалғандары бос тұр. Ауылдағы медициналық мекеменің жағдайымен танысып қайтқан тілшіміздің репортажы.

Қарасу ауданының Жалғызхан ауылындағы медициналық пункт бұған дейін жергілікті мектептің екі бөлмесінде орналасқан еді. Тар, ыңғайсыз болатын – дейді ауыл тұрғындары. Жақында жаңа нысанға көшкенде мұндағы жұрттың қуанышында шек болмаған. Жалғыз медбике Наталья Кузьминаның қарауында 500-ден астам ауыл тұрғыны бар. Негізінен сол укол, система салу сияқты алғашқы медициналық қызмет түрлерін көрсетеді. Дәрігердің көмегі қажет болса, аудан орталығына жібереді.