ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі тұрғын үй құрылысы саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақта 2025 жылы жоспар бойынша 500 мың шаршы баспана салу жоспарланған болса, жыл қорытындысы бойынша 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жоспар артығымен орындалды. Ал биыл 520 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Заманауи сапалы тұрғын үйлер тек қалаларда ғана емес, сонымен қатар алғашқы рет аудан орталықтарында да салынуда. Бұл өңірлердегі тұрғындардың өмір сүруі мен жұмыс істеуі деңгейін арттырады, - деді Құмар Ақсақалов. 2025 жылы үйге мұқтаж адамдар үшін 7,6 млрд теңгеге жалға берілетін 548 пәтер сатып алынды. Баспананың қол жетімділігін арттыру үшін кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. 2025 жылы 12,1 млрд теңгеге бағалы қағаздарды шығару есебінен ауданы 67,5 мың шаршы метр болатын 18 көппәтерлі үй пайдалануға берілді.